XІХ ғ. соңы — ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамындағы шариғат пен әдет нормаларының өзара ықпалының тарихи ерекшеліктері

Eurasian Journal of History, 2026

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.31489/3134-9102/2026-31-2/228-238
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Мақалада ХІХ ғ. соңы — ХХ ғ. басындағы қазақ қоғамындағы шариғат пен әдет-ғұрып нормаларының өзара ықпалы, оның рухани мәдениетке әсері және олардың қоғамдық қатынастарды реттеудегі рөлі қарастырылды. Тақырыптың өзектілігі дәстүрлі қоғамның рухани мәдениетінің қалыптасу негіздерін, оның тарихи сабақтастығы мен даму жолын ғылыми тұрғыда талдау қажеттілігімен айқындалады. Авторлар әдет-ғұрып нормаларының қоғамдық қатынастарды реттеудегі қызметі, олардың әлеуметтік құрылыммен, дүниетанымдық құндылықтармен және құқықтық санамен байланысы ғылыми айналымдағы материалдар негізінде талдаған. Дәстүрлі әдет нормаларының өзгермелі тарихи-саяси жағдайларға бейімделу ерекшеліктеріне талдау жасалды. Қазақ халқының дәстүрлі әдет нормалары көшпелі өркениеттің ажырамас бөлігі ретінде қалыптасып, қоғамдық қатынастарды реттеуде маңызды қызмет атқарды. Бұл нормалар қоғамның ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етіп, әлеуметтік үйлесімділікті сақтаудың тиімді құралы болды. Сонымен қатар әдет-ғұрып ережелері құқықтық сананың қалыптасуына ықпал етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан рухани құндылықтардың беріктігін қамтамасыз етті. Осыған орай, зерттеу барысында қазақ қоғамындағы әдет нормалары мен шариғат заңдарының өзара ықпалы негізінде қалыптасқан рухани мәдениеттің мазмұны ашылып, олардың қоғамдық санаға, құқықтық тәжірибеге және күнделікті өмір салтына тигізген ықпалы анықталды. Шариғат пен әдет нормаларының өзара ықпалдасуы нәтижесінде қалыптасқан құндылықтық бағдарлар мен мәдени сабақтастықтың ерекшеліктері жүйелі түрде қарастырылды. Зерттеу нәтижесінде қазақ халқының әдет нормалары шариғат заңдарына қайшы келмейтіні, олардың негізгі қағидаларымен үйлесімде дамығаны және көшпелі өркениеттің ерекшеліктерімен сабақтастықта қалыптасқаны анықталды. Әдет нормалары қазақ қоғамының күнделікті өмірін, әлеуметтік қатынастарын және моральдық қағидаларын реттеуде жетекші рөл атқарса, шариғат заңдары бұл жүйені рухани-діни тұрғыдан толықтырып отырған. Бұл өзара ықпалдастық қазақ қоғамындағы құқықтық сананың ерекшелігін айқындап, оның ішкі тұтастығын берік етті. Көне түркі қоғамының құқықтық дәстүрлері мен заңдарының ықпалы қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқық жүйесінің қалыптасуында маңызды фактор болғаны анықталды. Түркі дәуіріндегі құқықтық нормалар, билік құрылымы және әлеуметтік қатынастарды реттеу тәжірибесі қазақтың әдеттік құқықтық жүйесінде тарихи сабақтастық ретінде сақталып, жаңа мазмұнмен толықтырылды.