Аңдатпа
Мақалада 1930-1950 жылдар аралығында Алтай өңірінен басталып, Гималай мен Тибет арқылы Үндістан аумағына жеткен қазақ көшінің тарихы Үндістан ұлттық архив қорларынан анықталған құжаттар негізінде талданады. XX ғасырдың 30-50 жылдарындағы Алтайдан басталған қазақ көшінің тарихына қатысты құнды дереккөздері болып табылатын Үндістан ұлттық архив құжаттары ғылыми айналымға енгізілді. Атап айтар болсақ, Үндістанның әкімшілік құрылымдарының қазақ босқындарына қатысты саясатын айқындай түсетін аталмыш көшке қатысты ресми жазбалары, әкімшілік есептері, хат алмасулары қарастырылады. Мақаланы жазу барысында тарихи ақпаратты ғылыми талдау, оларды жүйелеу және салыстыру әдістері қолданылды. Зерттеу нәтижелері қазақ диаспорасының тарихын кеңістіктік және деректік тұрғыдан толықтырып, Үндістан ұлттық архив құжаттарының қазақ көші мәселесін зерттеудегі деректік әлеуетін айқындайды. Үндістан ұлттық архив құжаттары Алтайдан басталып, Тибет, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен қазақ көшін зерттеудің деректік аясын кеңейтіп, орталық Азия мен оңтүстік Азия арасындағы тарихи байланыстарды жаңа қырынан қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зерттеу барысында анықталған архивтік деректер қазақ босқындарының көшу бағыттары, орналасу аймақтары мен қабылдаушы тараптардың әкімшілік шешімдері туралы мәліметтер беріп, көші-қон үдерісінің себептері мен салдарын тереңірек түсінуге жағдай жасайды.