Күлтегін ескерткішіндегі қытайша мәтін: тарихи-деректанулық талдау

Turkic Studies Journal, 2026

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.32523/2664-5157-2026-2si-93-115
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Мақала ерте ортағасыр кезеңіндегі көне түркілердің тарихы және олардың Қытай империясымен дипломатиялық қатынастары туралы маңызды дереккөздердің бірі болып саналатын Күлтегін ескерткішіндегі қытайша мәтінге арналған. Бұл ескерткіштің 732 жылы Екінші Түркі қағанатының негізін қалаушы Елтеріс Құтлық қағанның ұлы Күлтегіннің құрметіне тұрғызылғаны белгілі. Көне түркі қағанаттарының тарихы, олардың басқа ежелгі мемлекеттермен қарым-қатынастары, сондай-ақ түркі тайпалық одақтарының өзара талас-тартысы тасбағанның үш жағында көне түркі тілінде, ал төртінші жағында қытай тілінде баяндалған. Ерте ортағасыр дәуірінде Солтүстік және Шығыс Азияда көне түркі мен қытай тілдері қарым-қатынас пен халықаралық байланыстың аса маңызды құралы болғанын атап өту қажет. Қазіргі уақытта ескерткіштегі қытай мәтіні аудармасының бірнеше нұсқасы бар, алайда соған қарамастан мәтіннің кейбір үзіктері жеткілікті дәрежеде зерттелмеген және талас тудырып келеді. Бұл мақала сол даулы мәселелердің төркінін зерделеуді көздеген. Ескерткіштің тұрғызылу себептеріне және онда көне түркілердің көрші мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарының көрініс табуына ерекше назар аударылады. Қытайша мәтінді кешенді түрде талдау сол дәуірдегі халықаралық қатынастардың сипатын нақтылауға мүмкіндік береді. Мақалада қытайша мәтіннің жаңадан нақтыланған реконструкциясы мен оның жоғалған және зақымданған үзіктерінің аудармасы ұсынылған. Талдау жасалған есімдер, атаулар, топонимдер және тарихи-философиялық ұғымдар автор тарапынан қолжетімді ең заманауи тарихи мәліметтер негізінде түсіндіріледі. Түркі халықтары мемлекеттiлiгiне негіз қалаған көне түркі қағанаттарының маңызы атап көрсетілген. Осы орайда көне түркілердің Қытай империясымен дипломатиялық қатынастарының ерекшеліктері мен дәстүрлері талданған. Сондай-ақ, мақалада ескерткіштің қытайша мәтінінде көрініс тапқан ежелгі қытай жаулап алу саясатының негізгі қырлары, атап айтқанда, Аспан Ұлының «жомарттығы» мен «ізгілігін» сипаттайтын риторика, қарсыластарды өз жағына тарту стратегиясы және олардың әлеуетін тиімді пайдалану тәсілдері сараланады. Қытайша мәтінде мезгіл, мекен, тарихи тұлғалар мен оқиғалар туралы егжей-тегжейлі мәліметтер қамтылған, бұл оны өзге дереккөздерді айқындау үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Көне түркі руналық жазбаларындағы ақпараттың шынайылығын растаудың маңызы ерекше, өйткені бұрын олар негізінен «Цзю Таншу» және «Син Таншу» сияқты қытай жылнамаларына сүйеніп келген болатын. Ескерткіштің өзіндегі қытайша жазбаны талдау бұл дереккөздерді салыстыруға, нақтылауға және тәптіштеп қарауға мүмкіндік береді. Осылайша, мақалада баяндалып отырған тарихи ақпараттың объективтілігі мен шынайылығы үшін қажетті үш дереккөз – дәстүрлі қытай жылнамалары, көне түркі руналық жазбалары және ескерткіштегі қытайша мәтін арасындағы өзара байланыс ашып көрсетіледі.