Қызанақтың негізгі зиянкесіне қарсы энтомофагтарды капсулалау және оларды Biodrop арқылы ұшқышсыз ұшу аппаратымен (ҰҰА) қолдану

Eurasian Agrotechnical Journal, 2026

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.51452/eaj.2026.2(130).2191
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Түйін Алғышарттары мен мақсаты. Қазіргі ауыл шаруашылығында химиялық пестицидтерді азайту және экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу қажеттілігі өсуде. Осыған байланысты зерттеудің мақсаты – трихограмма (Trichogramma spp.) мен габробракон (Habrobracon hebetor) энтомофагтарын жаппай өсіру, капсулалау және оларды ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) арқылы енгізу технологияларын жетілдіру. Материалдар мен әдістер. Зерттеулер зертханалық және далалық жағдайда жүргізілді. Энтомофагтарды өсіру процесінде микроклимат параметрлерін бақылау үшін Edge–Fog–Cloud архитектурасына негізделген IoT жүйесі (Arduino Mega, Raspberry Pi 4B және датчиктер) қолданылды. PLA-пластиктен 3D-басып шығарылған биоыдырайтын капсулалар әзірленіп, олардың беріктігі 3 м биіктіктен түсіру арқылы бағаланды. Далалық тәжірибелерде биоагенттер Biodrop жүйесі арқылы енгізілді. Нәтиже. Оңтайлы капсула үлгілері (трихограмма үшін №2–3, габробракон үшін №3–4) иелердің 100% қоныстануын және паразитоидпен толық залалдануын қамтамасыз етті. Капсулалар механикалық әсерге төзімді болды. Алматы облысында жүргізілген тәжірибелерде биологиялық тиімділік 69,5–82,8% деңгейінде анықталды. Қорытынды. Энтомофагтарды капсулалау, микроклиматты цифрлық бақылау және ҰҰА арқылы енгізу технологияларын біріктіру биологиялық қорғаудың тиімділігін арттырып, экологиялық қауіпсіз және автоматтандырылған ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді.