Аңдатпа
Бұл мақалада ХХ ғасырдың басындағы аса көрнекті ағартушы-ұстаз, қоғам және мемлекет қайраткері Міржақып Дулатовтың әдістемелік-математикалық мұралары терең әрі жан-жақты талданған. Авторлар М.Дулатовтың «Есеп құралы» атты оқу құралдарының жарыққа шығу тарихын, олардың құрылымдық, мазмұндық, әдістемелік ерекшеліктерін салыстыра қарастырып, қазақ мектебіндегі математикалық білім берудің қалыптасуына қосқан үлесін ашып көрсетеді. Зерттеу барысында1914-1928 жылдар аралығында бірнеше рет басылған екі түрлі нұсқадағы «Есеп құралының» айырмашылықтары анықталып, олардың концентрлік жүйе негізінде құрылуы, арифметика, геометрия және алгебра элементтерінің бірізді берілуі, қазақ тіліндегі сан атауларының ерекшеліктерін ескеру арқылы әдістемелік тұрғыда тиімді шешімдердің ұсынылуы нақты деректермен дәлелденді. Мақалада М.Дулатовтың қазақ мектептеріне арналған алғашқы математикалық терминдерді қалыптастырудағы еңбегі, оның оқу құралдарының кеңестік кезеңдегі білім беру жүйесіне ықпалы және қазіргі мектеп математикасын оқытудағы маңызы көрсетілген.Зерттеу нәтижелерінде М.Дулатовтың еңбектерінің ұлттық математикалық білім беру тарихындағы өзіндік орны айқындалып, оның ғылыми-әдістемелік идеяларының бүгінгі педагогикалық тәжірибедегі өзектілігі дәлелденді.