Аңдатпа
Бұл зерттеу Арал маңының тұзданған экологиялық жағдайында өсетін галофит өсімдіктердің (сарсазан (Halocnemum strobilaceum), сортаң бұйырғын (Anabasis salsa), рихтер сораң (шеркез) (Salsola richteri), қарабарақ (Suaeda acuminata) және сексеуіл (Haloxylon aphyllum) секілді) тұқымдық материалдарының өнгіштік қабілетін анықтауға арналған. Арал теңізінің тартылуы нәтижесінде аймақта топырақтың екінші реттік сортаңдануы күшейіп, табиғи өсімдік жамылғысының жұтаңдауы экологиялық тепе-теңдікке елеулі қауіп төндіріп отыр. Осыған байланысты тұзға бейімделген галофит өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктерін, олардың тұқымдарының тіршілік қабілетін зерттеу аймақтың табиғи экожүйелерін қалпына келтіру үшін маңызды болып табылады. Зерттеу материалы ретінде Арал маңынан жиналған бес түрлі галофит өсімдіктің тұқымдары пайдаланылды. Тұқымдардың өнгіштігі университет зертханасының жағдайында 3, 5 және 7 тәулік бойынша есептеліп, әр тәжірибе үш рет қайталанды. Алынған деректер тұзды ортаға бейім өсімдіктердің өнгіштік динамикасын сипаттауға, олардың тұқым жағдайын бағалауға мүмкіндік берді. Жүргізілген зерттеу нәтижелері өсімдіктердің тұқымдарының өнгіштік деңгейі түрге байланысты айтарлықтай ерекшеленетінін көрсетті. Алынған мәліметтер Арал маңының тұзданған ландшафтарын фиторемедиациялау, жерді қалпына келтіру және галофиттерді интродукциялау бағытындағы болашақ ғылыми зерттеулерге негіз бола алады.