Бала сөйлеуіндегі дыбыс символизмі: ата-аналар сауалнамасы негізіндегі талдау

2026

Жабық қол жеткізу Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.64863/2312-4784/2025-1-51/78-91
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Бұл мақалада қазақтілді балалардың ерте тілдік дамуындағы дыбыс символизмі құбылысы ата-аналар сауалнамасы негізінде талданады. Зерттеудің негізгі мақсаты – 1-5 жас аралығындағы балалардың сөйлеуінде дыбыс пен мағына, дыбыс пен қабылдау, дыбыс пен эмоция арасындағы байланысты анықтау және дыбыс символизмінің көріну формаларын сипаттау. Зерттеу Google Forms платформасы арқылы жүргізілген сауалнама нәтижелеріне негізделеді. Экспериментке 51 респондент қатысып, олардың балаларының сөйлеу ерекшеліктері талданды. Зерттеу нәтижелері балалардың сөйлеуінде дыбысқа еліктеу сөздерінің кең таралғанын көрсетті. Ономатопеялық бірліктер жануарлар дыбыстарын, табиғи құбылыстарды, техникалық қозғалыстарды және эмоциялық жағдайларды белгілеуде белсенді қолданылған. Сонымен қатар балалардың визуалдық пішін мен дыбыс арасындағы сәйкестікті (bouba–kiki эффектісі) интуитивті түрде қабылдайтыны байқалды. Еріндік және жуан дыбыстар домалақ пішіндермен, ал қатаң және жіңішке дыбыстар үшкір пішіндермен ассоциацияланған. Зерттеу барысында дыбыс символизмінің тек визуалдық емес, тактильді және эмоциялық деңгейде де көрінетіні анықталды. Балалардың эмоцияны дыбыс арқылы жеткізуінде белгілі бір акустикалық үлгілер байқалды: қорқыныш пен таңдануда ашық және созылыңқы дауыстылар, ал ашу мен реніште қысылған артикуляция басым болды. Сонымен қатар балалардың өздері ойлап тапқан сөздерінде фоностезиялық заңдылықтар байқалып, дыбыс белгілі бір семантикалық өрісті белгілеу құралы ретінде қолданылған. Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері дыбыс символизмінің қазақтілді балалардың сөйлеуінде әмбебап психолингвистикалық механизм ретінде көрінетінін және ерте когнитивтік даму үдерісінде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.