Аңдатпа
Мақалада Павлодар облысы аумағында орналасқан Аршалы-2 ерте темір дәуірі қонысында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері қарастырылады. Аршалы тауының шығыс баурайында орналасқан шеңбер пішінді қонысқа 176 ш.м. қазба салынды. Зерттеу барысында негізгі шаруашылық құрылысы мен алты шағын тұрғынжай ашылды. Топографиялық және планиграфиялық ерекшеліктері жағынан ескерткіш Орталық Қазақстанның қоныстарына ұқсас. Қазба барысында 71 тас құрал, 270-тен астам қыш фрагменттері және жануар сүйектері табылды. Сонымен қатар мақалада үй жануарлары қалдықтарының таксономиялық құрамы, жас ерекшеліктері және модификациялық өзгерістерінің іздері анықталды. Коллекцияның негізгі бөлігін жылқы, ірі қара және ұсақ мал сүйектері құрайды. Ет өнімдерін тұтыну үлесін есептеу нәтижелері қыстау тұрғындарының рационында жылқы еті мен сиыр етінің басым болғанын көрсетті. Аршалы-2 қонысының материалдарын Абылай және Ақбауыр ескерткіштерімен салыстыру малшаруашылығы құрылымындағы аймақтық айырмашылықтарды және аңшылық рөлінің біртіндеп төмендеуін анықтауға мүмкіндік береді. Қыш өндірісінің технологиялық сипаттамалары – қалыптау массасының құрамы, күйдіру тәсілдері мен морфологиялық ерекшеліктері зерттелді. Статистикалық талдау әртүрлі күйдіру әдістері мен ыдыс ернеулерінің формалары арасындағы маңызды корреляцияларды көрсетті. Бұл нәтижелер Аршалы-2 қыш кешенінің технологиялық дәстүрлерін айқындауға және Сарыарқа тарихи аумағында орналасқан сақ қоныстарымен мәдени сабақтастығын негіздеуге мүмкіндік береді. Алынған материалдар Сарыарқаның сақ дәуіріндегі қыш жасау дәстүрлерінің кең аясында қарастырылды, бұл жергілікті жаңашылдықтар болғанымен, өңірлік сабақтастықтың бар екенін айтуға мүмкіндік береді. Радиокөміртекті сараптамалар нәтижесінде қоныс б.д.д.VIII-VI ғғ. мерзімделді. Қоныс топографиясы мен құрылыстардың планиграфиясы, қыш кешендері бойынша ерте сақ тұрғындарының тұрақты мекені ретінде қарастырылып отыр. Аршалы-2 қонысы – ерте темір дәуіріндегі Шығыс Сарыарқа тұрғындарының шаруашылық жүйесін, тұрмыс-тіршілігін және қоныстану ерекшеліктерін зерттеуде маңызды дереккөз болып табылатын археологиялық ескерткіш.