Аңдатпа
Мақалада 2024 жылы ортағасырлық Сарайшық қаласы орнындағы № 6 қазбадан ашылған бірегей сағананың зерттелуі туралы айтылады. Пішіні тіктөртбұрышты, дромос салынған сағана XIV–XV ғғ. мерзімделеді. Сағана түгелдей қыш кірпіштен қаланған. Оның төбесі дромостың төбесі секілді арка тәріздес жарты шеңберлі күмбезбен жабылған. Құрылыс ішіне 12 адам жерленген. Сағаналар – жартылай жерасты қабірханасы ретінде Сарайшықтың жоғарғы мәдени қабатынан жиі табылатын құрылыс нысаны. Олар негізінен шаршы пішінді, дромосы жоқ болып келеді. Этнографтардың айтуынша, сағаналарда бұрын текті адамдар, ақсүйектер мен атақты батырлар жерленетін болған. Олардың пайда болуын зерттеушілердің бір тобы қазақтардың исламға дейінгі наным-сенімімен байланыстырса, екінші топ оны көшпелі дала халықтары арасында ислам дінінің таралуының нәтижесі ретінде қарастырады. Сарайшықтағы сағананың ерекшелігін сәулеттік пішіні мен материалдарының сапалылығынан байқауға болады. Бұл нысандарда отбасы немесе ру мүшелерін ұзақ уақыт бойы жерлеу дәстүрі қалыптасқан. Қарастырылып отырған сағанада жерленгендердің ерекше мәртебесін оның сақталу жағдайы да дәлелдейді. Сағанадағы жерлеулер Қазақстанда орта ғасырлардан ХХ ғ. дейінгі ескерткіштерде кездеседі. Сағаналарда жерлеулерге қатысты ғылыми мәселелердің көпшілігі әлі де шешімін таппай келе жатқанын түсіне отырып, олардан сәулеттік пішіндер мен жобалаудыңкүрделі жиынын табуға болатынын атап өткен жөн.