Аңдатпа
Мақалада Сарыарқа қой тұқымының (Жаңаарқа типі) әртүрлі аталық іздерінен алынған 4 және 7 айлық еркек қозылардың ет өнімділігі мен еттің сапалық көрсеткіштері кешенді түрде зерттелді. Зерттеу нысаны ретінде 12 бас қозы алынып, бақылау сойыс, химиялық, аминқышқылдық, витаминдік, физика-химиялық және микроструктуралық әдістер қолданылды. Нәтижелер бойынша 7 айлық қозылардың тірілей салмағы 39,5 кг болып, 4 айлық қозылардан (37,5 кг) 2,0 кг-ға жоғары болды. Алайда 4 айлық қозыларда ұша шығымы 46,4 %, сойыс шығымы 53,6 % болып, 7 айлық қозыларға (41,5 және 50,3 %) қарағанда жоғары деңгейде анықталды. 7 айлық қозыларда май ұлпасының жинақталуы күшейіп, құйрық шығымы 6,7 %, ішкі май шығымы 2,37 % құрады. Еттің химиялық құрамын зерттеу нәтижесінде жас ұлғайған сайын май мөлшерінің 6,44 %-дан 18,03 %-ға дейін артқаны, ал ылғал мөлшерінің 73,18 %-дан 61,64 %-ға дейін төмендегені анықталды. Аминқышқылдық талдау 4–7 айлық қозылар етінде ауыстырылмайтын аминқышқылдардың жоғары деңгейін (8,93–11,47 г/100 г белок) көрсетті. Сонымен қатар еттің витаминдік құрамы (В₁, В₂, РР), сіңімділігі, нәзіктігі және микроструктуралық көрсеткіштері оның жоғары биологиялық және тағамдық құндылығын дәлелдеді. Зерттеу нәтижелері Сарыарқа (жаңаарқа типі) қозыларын 4 айлық жаста сою жоғары сапалы, экологиялық қауіпсіз ет өндіру үшін тиімді екенін көрсетеді.