Аңдатпа
Бұл мақалада генеративті жасанды интеллекттің (ЖИ) білім алушылардың оқу үлгеріміне, танымдық белсенділігіне және білім сапасына әсері қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі жасанды интеллект технологияларының білім беру процесіне қарқынды енгізілуімен және олардың оқу нәтижелеріне ықпалының екіұшты сипатымен айқындалады. Жұмыста отандық және шетелдік ғылыми зерттеулерге талдау жасалып, жоғары оқу орны студенттерінің өнімді типтегі оқу тапсырмаларын орындау барысында генеративті жасанды интеллектті қолдану ерекшеліктері эмпирикалық тұрғыдан зерделенеді. Зерттеу М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бакалавриат студенттері арасында жүргізілді және эссе мен аналитикалық жазба түріндегі тапсырмаларды талдауға негізделді. Нәтижелер студенттердің жасанды интеллект құралдарын жиі пайдаланатынын, алайда оны саналы әрі жауапты және оқу сапасын арттыруға бағытталған түрде қолдану деңгейінің жеткіліксіз екенін көрсетті. Сонымен қатар, генеративті жасанды интеллектті бақылаусыз пайдалану танымдық белсенділіктің төмендеуіне және оқу тапсырмаларының формалды сипат алуына әкелуі мүмкін екені анықталды. Алынған нәтижелер білім беру үдерісін қайта жобалау, цифрлық сауаттылықты арттыру және академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру қажеттігін көрсетеді.