Аңдатпа
Қозғалысқа қатысты мәтіндік есептердің маңыздылығы белгілі болғанымен, оқушылар жиі есептің баяндау мәтінінен шешуге болатын алгебралық теңдеуге көшу барысында елеулі қиындықтарға тап болады. Бұл қиындықтың себебі — есепті шешу процесі тілдік түсіндіру мен математикалық өңдеуді қатар жүргізуді талап етеді, яғни оқушының жұмыс жадын шамадан тыс жүктеуге әкеледі. Зерттеулер көрсеткендей, мұғалімдер визуалды құралдарды жиі қолданғанымен, көпшілік оқушылар нақты, тапсырмаға сәйкес нұсқаулық берілмесе, диаграммалар мен ұйымдастыру стратегияларын тиімді пайдалана алмайды. Осы әдістемелік зерттеудің негізгі мақсаты – қозғалыс есептерін шешудің сенімді әрі жүйелі педагогикалық негізін құру және оның тиімділігін дәлелдеу. Зерттеу мақаламызда орта мектеп оқушыларына арналған қозғалыс есептерін алгебралық модельдеудегі қиындықтар қарастырылды. Есептерді сәтті шешу құрылымдық оқыту әдістеріне тәуелді екені анықталды. Зерттеу шарттары мен әдістерінде жылдамдық, уақыт, қашықтық сынды кестелерін және визуалды диаграммаларды жүйелі қолдану зерттелді. Бұл әдіснама күрделі лингвистикалық мәтіндерді шешілетін алгебралық теңдеулерге ауыстыруда өте тиімді екені айқындалды. Төрт негізгі қозғалыс категориялары сипатталды және талданды: қарама-қарсы бағытта қозғалу, қуып жету, салыстырмалы жылдамдық (жел/ағын) және кері қозғалыс есептері. Ұсынылған оқыту жүйесі оқытушыларға, алгебралық сауаттылықты дамытуға, сызықтық теңдеулер мен теңдеулер жүйелері арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тиісті визуалды репрезентацияны қолданудың когнитивтік артықшылықтарын дәлелдейді