Аңдатпа
Қазіргі білім беру жүйесінде онлайн-симуляторлар мен виртуалды зертханалар оқыту процесін цифрландырудың маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Мұндай цифрлық құралдар физикалық құбылыстарды көрнекі түрде бейнелеуге, оқушылардың тәжірибелік және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ теориялық білімді нақты тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұл мақалада геометриялық оптика бөлімін оқытуда онлайн-симуляторларды қолданудың дидактикалық, әдістемелік және функционалдық мүмкіндіктері жан-жақты талданады. Зерттеудің негізгі мақсаты – Thin Lenses калькуляторы, Optics Bench Interactive және PhET Geometric Optics симуляторларының интерактивтілік деңгейін, визуализация сапасын, пайдаланушы интерфейсінің қолайлылығын және педагогикалық әлеуетін салыстырмалы тұрғыда анықтау болып табылады. Зерттеу барысында сапалық және салыстырмалы талдау әдістері қолданылып, әрбір симулятордың оқу процесіндегі тиімділігі мен оқыту мақсаттарына сәйкестігі кешенді түрде бағаланды. Нәтижелер PhET Geometric Optics симуляторының теория мен тәжірибені интеграциялау арқылы оқушылардың зерттеушілік және сыни ойлау қабілеттерін дамытуда ең жоғары тиімділікке ие екенін көрсетті. Thin Lenses калькуляторы есептік және логикалық ойлауды дамытуға бағытталса, Optics Bench Interactive визуализация мен кеңістіктік елестету қабілеттерін жетілдіруде нәтижелі құрал ретінде танылды. Бұл зерттеу нәтижелері физика мұғалімдеріне, педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне және білім берудің цифрлық әдістемесін зерттеуші мамандарға пайдалы болуы мүмкін.