Аңдатпа
Мақалада Орталық Азия елдеріндегі саяси транспаренттіліктің тарихи қалыптасуы мен қазіргі кезеңдегі дамуы жан-жақты қарастырылады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін аймақ мемлекеттері тәуелсіздік алып, жаңа саяси институттар мен басқару жүйелерін қалыптастыру жолында күрделі кезеңдерден өтті. Осы процесте ашықтық пен есеп берушілік қағидаттарын енгізу саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің және демократиялық институттарды нығайтудың маңызды шарты ретінде айқындалды. Зерттеудің басты мақсаты – Орталық Азия елдеріндегі саяси транспаренттіліктің эволюциясын тарихи тұрғыда саралап, оның заманауи саяси процестерге ықпалын анықтау. Мақалада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстандағы саяси реформалар, ақпараттық ашықтық деңгейі, азаматтық қоғамның рөлі мен цифрландыру үдерістерінің әсері салыстырмалы түрде талданады. Автор аймақ елдеріндегі транспаренттілік деңгейінің саяси мәдениет, тарихи тәжірибе және билік құрылымдарының ерекшеліктеріне тәуелді екенін атап өтеді. Мақалада Орталық Азиядағы транспаренттілікті арттырудың негізгі бағыттары мен әлеуетті сын-қатерлері айқындалады. Авторлар қазіргі таңда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің енгізілуі мемлекеттік басқаруда ашықтықты арттырудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын көрсетеді. Сонымен қатар, Қ. Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы саяси жаңғыру үдерістері аймақ елдері үшін үлгі боларлық бағыт ретінде талданады.