Аңдатпа
Мақалада халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 1960 жылы Америка Құрама Штаттарына барған сапарының негізінде жазылған «Америка әсерлері» жолжазба очеркі жанрлық және мазмұндық тұрғыдан жан-жақты талданады. Шығарма жазылған дәуірдің тарихи-мәдени мәнмәтіні, АҚШ сапарының мән-маңызы қарастырылады. Очерктің публицистикалық сипаты, жазушының деректілік пен көркемдік тепе-теңдікті сақтаудағы шеберлігі сипатталады. Әуезовтің Америка мәдениетін қабылдауы, қазақ халқының өз мәдени құндылықтарымен салыстыра суреттеуі нақты эпизод, мысалдар арқылы көрсетіледі. Зерттеудің өзектілігі – М.О. Әуезовтің мәдениетаралық қабылдауын қазіргі әдебиеттанудағы диалогтық үрдістермен байланыстыра қарастыруда. «Америка әсерлері» очеркін талдау арқылы Мұхтар Әуезовтің өзге елдің өмірін өз ұлтының таным-түсінігі тұрғысынан зерделеп, екі халықтың ортақ адамзаттық құндылықтарын табуға ұмтылған қайраткерлік ұстанымы айқындалады. Зерттеу барысында очерк жанрының публицистикалық сипаты мен Әуезовтің авторлық стиль ерекшеліктері тарихи-мәдени мәнмәтін аясында зерделенеді. Сонымен бірге «Америка әсерлері» очеркіндегі мәдениетаралық қабылдаудың мәні мен Әуезов қаламына тән көркемдік ерекшелік туралы тұжырымдар жасалады. Зерттеу жұмысының жаңашылдығы – шығарманы сапарнама ретінде емес, публицистикалық қуаты мол мәдениетаралық ой-толғам үлгісі ретінде бағалауда. Зерттеу нәтижесінде очерктің тарихи деректілік пен көркемдік үйлесімі анықталып, жазушының әлем өркениетіне ұлттық тұрғыдан баға берудегі шеберлігі мен мәдениеттерді тоғыстыруға деген ұмтылысы айқындалды.