Аңдатпа
Мақалада Анадолы түріктерінің мәдени өміріне ерекше әсер еткен және түрік әдеби тілінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан сопылық әдебиеттің ірі өкілі Жүніс Әміренің (XIII-XIV ғасырлар) «Диуан» атты поэтикалық жинағындағы жалпытүркілік лексикалық қабатқа кешенді лингвистикалық талдау жасалады. Жүніс Әміренің тілі арқылы қазақ және түрік әдеби тілі әлі толық қалыптаспай тұрған тарихи кезеңдегі жазба мұралардың тілін талдау арқылы қазіргі түркі тілдері арасындағы тарихи-тілдік сабақтастықты, фонетикалық, морфологиялық және семантикалық ұқсастықтарды анықтау мақсаты алдыңғы орынға шығады. Зерттеу барысында «Диуанда» кездесетін, қазіргі түрік әдеби тілінде архаизм, диалектизм немесе халықтық форма ретінде танылып, қолданыстан шығып қалған, алайда қазақ тілінде белсенді түрде қолданылып келе жатқан 50-ден астам сөз іріктеліп, тарихи-салыстырмалы әдіс негізінде тілдік тұрғыдан талданады. Бұл сөздердің фонетикалық (дыбыс сәйкестіктері, алмасулар, редукция мен метатеза), морфологиялық (түбір мен қосымшалардың тарихи формалары), сондай-ақ семантикалық дамуы жан-жақты сараланады. Мысалға алынған сөздердің түрік тіліндегі көне және диалектілік формалары мен қазіргі қазақ тіліндегі тұлғалары өзара салыстырыла отырып, олардың арғы тегі – көне түркі, Қарахан, Хорезм, қыпшақ, қарлұқ және шағатай дәуіріне тән лексикалық жүйелермен байланысы көрсетіледі. Мақалада дыбыстық сәйкестік заңдылықтарына ерекше назар аударылады: мысалы, т ~ д, ш ~ с, ж ~ й, ү ~ е, ұ ~ ы, ғ ~ ø, в ~ у дыбыстарының орын алмасуы арқылы сөздердің тарихи даму жолы көрсетіледі. Сонымен қатар, «Диуанда» оғыз тілінің элементтерімен қатар, қыпшақ және қарлұқ тілдеріне тән белгілердің аралас көрініс табуы, бұл шығарма тілінің бір ғана диалектінің шеңберінде емес, көпқабатты лингвистикалық жүйеге негізделгенін дәлелдейді. Түркі әдебиетінің ортағасырлық өкілі ретінде Жүніс Әміренің тілі тек сопылық поэзияның рухани мазмұнын ғана емес, сондай-ақ түркі халықтарының ортақ тілдік қорын, мәдени жады мен тарихи сабақтастығын да бойына сіңірген. Осы тұрғыдан алғанда, ақын шығармашылығы түркі тілдері арасындағы ішкі диахрониялық үдерістерді зерттеу үшін таптырмас лингвистикалық дерек көзі болып табылады. Мақала нәтижесінде алынған деректер түркі халықтарының ортақ лексикалық қорының сақталуы мен жойылу себептерін, жеке тілдердегі сөздердің даму бағытын, сондай-ақ әдеби тілдерге тән нормалардың қалайша қалыптасқанын зерделеуге мүмкіндік береді. Жүніс Әміре «Диуаны» сынды ескерткіштердің тілін салыстыра зерттеу арқылы қазіргі түркі тілдерінің арасындағы байланыстарды жүйелі ғылыми негізде анықтауға болатыны дәлелденеді.