Аңдатпа
Орталық Моңғолиядағы Орхон өзені алқабы түркі мемлекеттілігінің «алтын бесігі», ежелгі түріктердің материалдық және рухани мәдениетінің орталығы болып табылады. Мұны көне Ұйғыр қағанаты дәуірінде көне түрік, қытай, соғды тілдерінде жазылған Орда-Балық ескерткіші дәлелдейді. Қазіргі уақытта ескерткіштің бірнеше атауы бар: Қарабалғасун жазуы (ең көп таралғаны), Тоғыз ұйғыр Білге қағанның ескерткіші (ескерткіш оның құрметіне қойылған), Орда-Балық ескерткіші (атауы оның орналасқан жеріне байланысты). Қытай деректерінде бұл ескерткіш «Ай-Тәңірде Құтболмыш Алып Білге қаған ескерткіші» деп аталады – 九姓回鶻愛登 裏羅汩沒蜜施合毗伽可汗聖珯汗聖. Ескерткіш туралы алғашқы мәлімет ХІІІ ғасырда Моңғол империясының астанасы Қарақорымға сапар шеккен парсы тарихшысы Ата-Мәлік Жувейниден алынған. Одан кейін ХІХ ғасырдың соңында үш тілді ескерткіш туралы мәліметтер Н.Ядринцев, А.Гейкель, В.Радловтың экспедицияларынан мәлім болды. Кейін Г.Шлегель осы экспедициялардың материалдарын жинақтап, қытай тіліндегі мәтінді зерттеп, оның аудармасын жариялады. Мақала авторы бұған дейінгі зерттеулер мен Цзю Таншу және Синь Таншу секілді қытай деректеріне сүйене отырып, ескерткіштің қытай тіліндегі мәтінін талдайды, оның бірнеше бөлікке бөлініп қалған үзінділерін жинақтайды, түсіндірме береді, ескерткіш кімге арналғанын және кімдер тарапынан орнатылғанын анықтайды, сондай-ақ ескерткіш мәтінінде бейне-ленген қағандардың қызметі мен Орхон Ұйғыр қағанатының тарихын жан-жақты ашуға тырысады. Орда-Балық ескерткіші ежелгі түріктер арасында манихейлік ағымның тараған дәуірі – VIII-IX ғасырларға жатады. Қытайша мәтінде Таң әулетінің ішкі аймақтарында туындаған әскери көтерілісті басуға көмектесу үшін келген Түрік Бөгу-қағанның Лоян қаласында манихейлік екі миссионермен кездесіп, олардың ықпалымен манихей дінін қалай қабылдағаны баяндалған. Бұдан соң, Бөгу қаған манихейлік дінді Орхон түріктері арасында одан әрі таратуға бұйрық береді. Бұл, автордың пікірінше, мемлекет ішіндегі діни қайшылықтардың туындауына жол ашып, Орхон Ұйғыр қағанатының тез арада жойылуының басты себебіне айналды. Автор 745 жылы құрылған Ұйғыр қағанатының өзінен бұрынғы Екінші Түркі қағанатының жалғасы әрі аталмыш екі қағанатты құрушы бір халық екеніне, тек саяси билік қана ауысқанына маңыз береді. Сол себептен, Ұйғыр қағанатын ғылыми тұрғыдан Біріккен Түркі қағанаты немесе Үшінші Түркі қағанаты деп атауды ұсынады. 840 жылы ішкі және сыртқы күштердің әсерінен Ұйғыр қағанаты ыдырады: оғыздар мен түріктер үш бағытта қоныс аударды. Олардың көпшілігі Алтай мен Тарбағатай тауларын басып өтіп, Жетісуға жетіп, жергілікті халықпен араласып, Қарахан мемлекетін құруға атсалысты.