Аңдатпа
Қазіргі қарқынды дамып келе жатқан геосаяси ортада шет тілдерінде дипломатиялық дискурсты меңгеру мүмкіндігі халықаралық қатынастар саласындағы мамандар үшін таптырмас шеберлікке айналды. Түркияның жаһандық саяси және экономикалық процестердегі рөлінің өсуі түрік тілінде дипломатиялық байланысты игеруге деген қызығушылықтың артуына алып келді. Бұл зерттеу түрік тілді дипломатиялық контекстерде коммуникативтік құзыреттілікті дамытуға, нақты мақсаттарға негізделген шет тілдерін оқытудың теориялық және практикалық компоненттерін ықпалдастыруға арналған кешенді әдістемені ұсынады. Ұсынылып отырған әдістеме заманауи тәсілдерге корпустық лингвистикаға, дискурстық талдауға, мәдениетаралық прагматикаға және рефлекторлық (рефлексивтік) оқытуға негізделген. Ресми коммюникелер, Сыртқы істер министрлігінің баспасөз мәлімдемелері, саяси сөздер сияқты түрік дипломатиялық мәтіндерін оқу процесіне енгізу оқу материалдарының жоғары өзектілігін қамтамасыз етеді. Келіссөздер, көпшілік алдында сөз сөйлеу және жазбаша дипломатиялық хат алмасу үшін қажетті прагматикалық және риторикалық дағдыларды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұдан басқа, әдіснамаға цифрлық оқыту құралдары мен әріптестік ынтымақтастық элементтері енгізілген, бұл иммерсиялық және интерактивті білім беру ортасын құруға ықпал етеді. Пилоттық іске асыру халықаралық қатынастар бойынша магистратура бағдарламасының 8 магистрантынан құралған топпен жүргізілді. Модульдік тапсырмалар, рөлдік симуляциялар, цифрлық ынтымақтастық құралдары арқылы студенттер лексикалық дәлдік, стратегиялық икемділік, түрік тілінде әлеуметтік-мәдени сезімталдық деңгейлерін едәуір арттырды. Атап айтқанда, студенттер «bölgesel istikrar» (аймақтық тұрақтылық), «karşılıklı menfaat» (өзара мүдде) сияқты формулалық өрнектерді, сондай-ақ дипломатиялық сақтық білдіру үшін қолданылатын модальды құрылымдарды тиімді қолдана бастады. Рефлекторлық (Рефлексивтік) практиканың енгізілуі олардың метакогнитивтік санасын дамытты, бұл түрлі дипломатиялық сценарийлерде тілдің қолданылуын сыни тұғыда бағалауға мүмкіндік берді. Пилоттық жобаның нәтижелері интегралды әдіснаманың тілді меңгерумен қатар, қазіргі заманғы дипломатиялық даярлық талаптарына сай метакогнитивтік қабілеттер мен мәдениетаралық сананы дамытуға ықпал ететінін көрсетті. Зерттеу нәтижелері бұл тәсілді дипломаттар мен сыртқы саясат мамандары үшін кең ауқымды тілдік дайындық бағдарламаларына енгізу қажеттігін дәлелдейді. Мақала түрік дипломатиялық дискурсын оқытудың құрылымдалған және дәлелді моделін ұсына отырып, лингвистикалық педагогика мен кәсіби коммуникация саласына үлес қосады.