Аңдатпа
Мақалада театр семиотикасының теориялық-әдіснамалық негіздері зерделеніп, қазақ сахнасындағы заманауи драмалық қойылымдар талдауға алынған. Театрды семиотикалық тұрғыдан зерделеу арқылы сахна тілі, бейнелік құрылымдар мен актерлік ойынның мәдени және көркемдік мағыналары айқындалады. Мақаланың мақсаты – көркемдік коммуникация құралдарын семиотика призмасы арқылы қарастыру және осы негізде ұлттық театр кеңістігіндегі мән-мағыналық құрылымдарды ашып көрсету. Зерттеудің өзектілігі, әсіресе, режиссурадағы постмодерндік және постдрамалық бағыттардың дамуымен байланысты. Бұл бағыттар театр қойылымдарына жаңаша көзқарас қалыптастыруды талап етеді. Қазақ классикалық драматургиясының қойылымдарында шығармашылық идеяларды жүзеге асырудың жаңа тәсілдеріне ерекше назар аударылады. Зерттеу нысаны – Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасы бойынша соңғы жиырма жылда қойылған спектакльдер таңдалды. Спектакльдің ұлттық мәдениеттегі орны мен қазіргі театр деңгейіндегі репрезентациясы қазақ театртану мен семиотика ғылымындағы маңызды тақырып болып табылады. Сахналық интерпретацияларды зерттеу арқылы қазіргі қазақ театрының мәдени-әлеуметтік қызметтері мен ұлттық мұраны жаңғырту жолдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік туады. Болат Атабаев, Наталья Дубс, Фархад Молдағали, Гульназ Балпейісова және Елік Нұрсолтанның режиссурасындағы «Қарагөз» қойылымдары қазіргі мәдениеттің семиотикалық аспектілерін зерттеуге бай материал ұсынады. Спектакльді түсіндірудегі негізгі «екі уақыт» концепциясы: іс-әрекет өткен ғасырларда орын алса да, сахнада жаңа дәуірдің белгілері мен символдары қатар көрінеді. Бұл элементтер актерлер типологиясы, визуалды символизм, XXI ғасырдың заманауи поэтикалық мәтіндері, музыка және театр техникасымен үйлеседі. Қазіргі қазақ театрында ұлттық болмыс пен заманауи эстетика элементтері тоғысып, сахналық бейнелеудің жаңа формалары қалыптасуда. Театр семиотикасы көрермен мен сахна арасындағы көркемдік диалогты белгілер жүйесі арқылы түсіндіруге мүмкіндік береді. Бұл әдіс әрбір сахналық компонентті – декорация, жарық, дыбыс, костюм және дене пластикасын көркемдік мағына тудырушы таңба ретінде пайымдауға негізделеді. Семиотикалық тәсілдің көмегімен қойылым мәтінінің жасырын құрылымы, бейнелік элементтердің қызметі және актерлік шеберлік арқылы жеткізілетін көркем идеялар терең талданады. Мақала қазақ театрындағы көркемдік үдерістерді семиотикалық тұрғыда түсінудің жаңа мүмкіндіктерін ашып, сахналық дискурстың теориялық негіздерін кеңейтеді. Зерттеу ұлттық театрдың заманауи көркемдік үдерістері мен мәдени белгілер жүйесін ғылыми тұрғыда пайымдауға бағытталған.