Аңдатпа
Алғышарттар мен мақсаты. Қараөзек өзені Сырдария бассейінде маңызы бар өзендердің бірі болып табылады. Соңғы жылдары Қараөзек өзені ихтиофанасының түрлік құрамын анықтау және қазіргі жағдайына баға беру мақсатында зерттеулер жүргізілді. Осыған байланысты Қараөзек өзенінің ихтиофаунасының қазіргі түрлік құрамын анықтап баға беру үлкен маңызға ие. Материалдар және әдістер. Ихтиофауналық құрамын анықтау үшін өзенге ау құрылып, ауға түскен балықтардың түрлік құрамы анықталды, сонымен қатар балықтардың ұзындығы, салмағы және қоңдылығы анықталып баға берілді. Нәтиже. Біз зерттеген өзеннің ихтиофаунасында балықтың 11 түрі кездесті: оның 7 түрі аборигенді және 4 түрі бөгде балық түрлері. Барлық ауланған балықтар 7 тұқымдасқа жатады: Cyprinidae, Leuciscidae, Acheilognathidae, Xenocyprididae, Gobionidae, Percidae, Gobiidae. Ауланған балықтардың ішінде ең көп таралған түрлері тұқылар тұқымдасына жатады. Қараөзек өзенінде ихтиофаунасында тіршілік ететін аборигенді балық түрлерінің үлесі бөгде балық түрлеріне жоғары және жалпы көлемінің 54,4% құрайды. Жұмыс нәтижелері бойынша Қараөзек өзенінің ихтиофаунасының түрлік құрамы анықталды және аборигенді түрлердің ихтиофауналық құрамының қазіргі жағдайына баға берілді. Қорытынды. Алынған нәтижелер бойынша Қараөзек өзенінің суының гидрохимиялық көрсеткіштерінде қатты өзгерістер жоқ, судағы гидробионттардың және балықтардың тіршілік етуіне қауіп тудырмайды. Ихтиофаунасында аборигендік балықтардың түрлік құрамы сақталған, аборигенді балық түрлеріне бөгде балық түрлерінің қатты әсер етпейдігін көрсетті.