Аңдатпа
Мақалада Қазақстан Республикасының діни кеңістігіндегі тенденциялардың діни ұстанушы жастардың әлеуметтенуіне тигізетін әсері және оның әрі қарай дамуындағы мәселелер тізбегі анықталды. Атап айтқанда, елдегі діни саясатты реттеуші заңнамалар әлеуметтанулық контексте қарастырылып, заң нормалары арқылы қалыптасқан идеологиямен жастардың рухани образы арасындағы байланыстар әлеуметтік процестердің құрамдас бөлігі ретінде пайымдалды. Зерттеу барысында Қазақстандағы діни саясаттың эволюциясы, діни радикализация процестері және жастардың діни тәжірибелерінің әлеуметтік әсерлері талданады. Сондай-ақ, бүгінгі діни құндылықтарды ұстанушы жастардың әлеуметтенуіндегі проблемалар Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы екі онжылдығындағы діни алаңдағы ахуалдың нәтижесі тұрғысынан талданды. Аталған уақытаралығында жастардың діни ұстанымының әркелкіленуін арнайы сыныптап, сипаттама берілді. Бұл олардағы әлеуметтену процесінің неліктен баяу жүріп жатқандығын, жастардың маргинализациялануға ұшырауын анықтауға көмектесті. Сонымен қатар, әлеуметтену процестерінің негізгі арналары айқындалып, олардың болашақ даму траекториясын анықтау бойынша қадамдар белгіленді және мемлекет пен қоғамға төніп тұрған ықтимал қауіп-қатерлер болжанды. Авторлар діндар жастардың әлеуметтiк интеграциясын жеңілдету үшін мемлекеттік және жеке сектордың бірлескен іс-қимылдарын ұсынады. Нәтижесінде, діни құндылықтармен зайырлы нормалар арасындағы тепе-теңдікті сақтау қоғамдық үйлесімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады деген қорытынды жасалады.