Аңдатпа
Hippophae rhamnoides L. (шырғанақ) — Elaeagnaceae тұқымдасына жататын, Қазақстан аумағында кең таралған реликті және жоғары бейімделгіштік қасиеттерге ие өсімдік түрі. Ол негізінен тау бөктерлерінде, өзен аңғарларында, жартасты беткейлерде және өзен-көл маңдарында кездеседі. Бұл зерттеуде мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағындағы әртүрлі тау учаскелерінде өсетін Hippophae rhamnoides жапырақтарындағы хлорофилл-a және хлорофилл-b пигменттерінің мөлшері анықталып, олардың жыныстық ерекшеліктеріне байланысты өзгерістері қарастырылды. Өсімдіктің аталық және аналық дарақтарындағы пигмент мөлшерінің айырмашылықтары көрсетіліп, жеке даралар арасындағы көрсеткіштердің вариация деңгейі зерттелді. Аталық дарақтардың жапырақтарында хлорофилл-a және хлорофилл-b мөлшері жоғары әрі тұрақты болып, аналық дарақтарда бұл көрсеткіштің сәл төмен және ауытқымалы болатыны анықталды. Әр түрлі учаскелерде тіркелген пигмент мөлшерінің шамалас деңгейде болуы шырғанақтың тау экожүйелерінің жағдайына жақсы бейімделетінін дәлелдейді. Хлорофилл-a мен хлорофилл-b мөлшерінің бірдей деңгейде сақталуы өсімдіктің фотосинтетикалық аппаратының үйлесімді жұмыс істейтінін және жарықты сіңіру мен энергияға айналдыру процестерінің тиімді жүретінін көрсетеді. Зерттеу нәтижелері шырғанақтың жыныстық ерекшеліктеріне байланысты физиологиялық күйін анықтауға және биік таулы экожүйелер жағдайында бейімделу механизмдерін түсіндіруге маңызды мәліметтер береді.