Аңдатпа
Бұл мақалада қазіргі студенттердің кәсіби мотивациясын қалыптастыру процесінде құрылымдық компоненттердің рөлі қарастырылады. Бұл мәселе қазіргі заманғы жоғары білім беру теориясы мен практикасында маңызды әрі күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда отандық ғылыми дәстүрде кәсіби мотивация көбінесе жеке тұлғаның мотивациялық саласының динамикасына бағытталған, атап айтқанда оқу мотивациясы, кәсіби өзін-өзі анықтау және өзін-өзі жүзеге асыру аясында зерттелген. Кәсіби мотивацияны зерттеудің негізгі аспектісі – оның тұрақтылығы, оған мамандық таңдау себептері тікелей әсер етеді. Кәсіби даярлыққа мотивация мектеп жылдарында қалыптасқан оқуға деген көзқарасқа, мамандық таңдауға (кәсіби бағдарға) және академиялық үлгерім деңгейіне байланысты қалыптасады. Оқу және кәсіби мотивацияның тығыз байланысын ескере отырып, оқу іс-әрекетінің мотивтерін талдау ерекше маңызды болып табылады. Сонымен қатар, жұмыста педагогикалық мамандықтар студенттерінің кәсіби бағыттылығының ерекшеліктері талданған. Бірқатар әдістемелер педагогикалық мамандықта оқитын студенттерге қолданылып, алынған нәтиже көрсеткіштері жан-жақты талданған.