Аңдатпа
Мақала 2023–2025 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Университет археологиялық экспедициясы (жетекшісі М. Елеуов) жүзеге асырған Қарашық өңіріндегі археологиялық барлау және зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелерін сипаттауға арналған. Зерттеу Түркістан оазисіне жататын Қаратаудың оңтүстік бөктеріндегі Қызылата, Баялдыр, Біресек, Хантағы өзендерінің шатқалдарын қамтиды. Зерттеу жұмыстары барысында бірқатар археологиялық ескерткіштер анықталып, олардың топографиялық құрылымдары және мәдени-тарихи сипаты зерттелді. Қарашық өңірінде бұған дейін де археологиялық зерттеулер бірнеше кезеңмен (1969–1970 жж., 1996–2006 жж., 2001–2008 жж.) жүргізілген болатын. Аталған өңірде 2023–2024 жж. жүргізілген соңғы барлау жұмыстары осы зерттеу дәстүрінің жалғасы болып табылады. Бұл зерттеулер Қарашық өзенінің тау алды жазықтарында және оған келіп құятын өзен шатқалдарында орналасқан тарихи ескерткіштерді анықтауға, олардың орналасу логикасын, тарихи-географиялық өзара байланыстарын түсіндіруге жол ашты. Зерттеу барысында табылған ескерткіштердің (бекініс, елді мекен, қоныс, төбелер) орналасуы жайлы пайымдаулар беріліп, олардың хронологиясы мен топографиялық сипаттамалары сараланды. Жазба деректерде аталған Шауғар қаласы мен бекінісінің Қарашық өңіріндегі ескерткіштермен теңестірілуі, яғни локализация мәселесі де қарастырылады. Бұл зерттеу нәтижелері тек Қарашық өңірінің емес, бүкіл Түркістан оазисіндегі қалалар тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Осылайша, соңғы археологиялық зерттеулер арқылы Қарашық өңіріндегі қалалар жүйесінің дамуы, олардың тарихи географиядағы орны мен маңызы жөнінде жаңа ғылыми мәліметтер алынды. Соңғы қазба жұмыстары мен барлау нәтижелеріне сүйене отырып жасалған тұжырымдар Түркістан оазисі қалаларының тарихи географиясын зерттеуде жаңа мүмкіндіктерге жол сілтей отырып, Орта Азиядағы қалалану үдерістерін тереңірек түсінуге жол ашады.