Аңдатпа
Біз ұсынған мақалада қатыгез, адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынас, соның ішінде азаптау түріндегі қылмыстық құқық бұзушылық жағдайларының латенттілігің анықтау мәселелеріне қатысты сұрақтар зерттеледі. Мақаланың мақсаты қазіргі құқық қолдану практикасы негізінде осындай қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілерін зерделеу болып табылады, олар қылмыстық фактілерді тіркеудегі қиындықтарға әсер етеді және бұл саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың латенттілігіне әкеледі. Мақаланы жазу кезінде әртүрлі әдістер қолданылды, соның ішінде құқықтық нормалар мен статистикалық деректерді талдау, синтездеу, салыстыру. Жұмыста республикадағы соңғы жылдардағы азаптау, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынастар туралы қылмыстық істерді тергеу мәселелері бойынша тергеу-сот практикасы қарастырылды, оның ішінде ҚР қылмыстық-атқару жүйесінде. Адамның қадір-қасиетін қорлайтын қатыгез және адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасты қылмыстық-құқықтық айқындау Қазақстан Республикасының соңғы жылдардағы қылмыстық заңнамасының бұрын-соңды болмаған жетістігі болып табылады, бұл өз кезегінде осы құқық бұзушылықтың жасалу белгілерін неғұрлым нақтылап айқындауды талап етеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабының белгілеріне жататын қылмыстық құқық бұзушылықтардың латенттілігінің жоғары деңгейіне әкелетін себептер мен жағдайларды анықтау адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында қылмысқа қарсы күресте маңызды рөл атқарады.