Оңтүстік Орал таулы аймағының (Қазақстан бөлігіндегі) өсімдік жамылғысына техногендік ықпалды бағалау

2025

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.32523/2616-6771-2025-152-3-175-190
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Берілген жұмыста Оңтүстік Орал таулы аймағының (Қазақстан бөлігіндегі) өсімдіктер жамылғысы сипатталып, өңірдің негізгі өсімдік қауымдастықтары қарастырылды. Арнайы назар эндемиялық түрлерге, реликтік және дәрілік өсімдіктерге, сонымен қатар Қызыл кітапқа енген түрлерге аударылып, аумақтың өсімдіктер картасы құрастырылды. Сонымен қатар мақалада зерттеу аймағында орналасқан Дон тау-кен байыту комбинаты қызметінің іргелес аумақтардың өсімдік жамылғысының экологиялық жай-күйіне әсері қарастырылады. Зерттеу жұмыстары «Мирный» карьері мен «Поисковый» және «Южный» карьерлерінің үйінділері аумағында жүргізілді. Флора құрамына талдау жүргізу мақсатында сынақ алаңдары белгіленді. Қазіргі биоалуантүрлілікті сипаттайтын басым өсімдік түрлері анықталды. Ластану көздерінен белгіленген 500, 3000 және 5000 м қашықтықтарда өсімдік жамылғысының құрылымына салыстырмалы талдау жасалынды. Техногендік ықпалдың өсімдік жамылғысының түрлік құрамына емес, негізінен оның жалпы эколого-физиологиялық жағдайына әсер ететіні зерттеу нәтижелерінің талдауы көрсетті. Фитоценоздардың әлсіреуін және өсу жағдайларының стресстік сипаттарын айғақтайтын, деградацияның негізгі белгілері ретінде жапырақтардың табиғи түсінің өзгеруі, өсімдіктердің жекелеген бөліктерінің қурауы, жалпы биомассаның азаюы, сондай – ақ фитоценоздар құрылымының бұзылуы анықталды. Жоғарыда айтылған деградациялық белгілер ластаушы көздерден 500 м қашықтықтан байқалса, ал ренатурализацияның бастапқы белгілері 1000-1200 м, бүлінген аумақтардың қайта өсуі 2000 м, проекциялық жамылғының артуы 2500 м қашықтықтан көрініс тапты. Зерттеу нәтижелері геодеректер базасына енгізіліп, зерттелетін аумақтағы бұзылу деңгейінің үш градациясы бойынша өсімдік жамылғысының картасы жасалды. Жасалынған өсімдік жамылғысының бұзылу деңгейінің картасы зерттелетін аумақтағы фитоценоздардың антропогендік трансформациясын деңгейін айқындайды.