Аңдатпа
Бұл мақала 6–7 сынып оқушыларының Қазақстан тарихы сабақтарында жасанды интеллект әдістерін қолдану арқылы олардың оқу үлгерімі мен қызығушылығын арттыру мәселесін зерттеуге арналған. Білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясы жағдайында оқыту сапасын арттыруға, оқу үдерісін жекешелендіруге және оқушылардың мотивациясын көтеруге бағытталған жаңа технологиялық шешімдерді енгізу өзекті мәселеге айналуда. Авторлар жасанды интеллектті тек инновациялық құрал ретінде ғана емес, сонымен қатар оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, сыни ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін толыққанды білім беру ресурсы ретінде қарастырады. Зерттеудің мақсаты – жасанды интеллект құралдарының оқу үдерісіне тартылуға, пәнге қызығушылыққа және академиялық үлгерімге әсерін анықтау. Зерттеудің әдістемелік негізі ретінде бақылау және эксперименттік топтар қатысқан қалыптастырушы педагогикалық эксперимент алынды. Эмпирикалық мәліметтердің сенімділігі мен толықтығын қамтамасыз ету үшін педагогикалық бақылау әдістері, сондай-ақ бөлім мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау нәтижелерін талдау қолданылды. Нәтижелер эксперименттік сыныптағы оқу мотивациясының, дербестік пен саналықтың артуы тұрғысынан оң динамиканы көрсетті. Жоғары бағалардың үлесі сәл төмендегеніне қарамастан, жалпы оқу көрсеткіштерінің өсу үрдісі және инновацияларға оң көзқарас байқалды. Мақалада жасанды интеллектті мектептегі білім беру үдерісіне, әсіресе жасөспірімдердің жас және когнитивтік ерекшеліктерін ескере отырып, тиімді енгізудің практикалық маңыздылығы атап өтіледі, бұл тарихты оқыту әдістемесін одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл бағыттағы зерттеулер болашақта цифрлық педагогика мен жасанды интеллектінің өзара байланысын тереңірек түсінуге жол ашады.