Аңдатпа
Мақалада шалғайдағы жылжымалы қырықтық орнын энергиямен қамтамасыз ету жүйесінің орнықтылығын зерттеу мәселелері қарастырылады. Жылжымалы қырықтық орнында негізгі энергия тұтынушылар – қырықтық машиналарында қолданылатын әмбебап коллекторлы электр қозғалтқыштар. Бұл қозғалтқыштардың тұрақты және сенімді жұмысы тікелей күн фотоэлектрлік қондырғысының орнықтылығына байланысты. Күн фотоэлектрлік қондырғысы мен электр қозғалтқыштарының қуаттары тең шамалас болғандықтан, өтпелі режимдер кезінде қозғалтқыштардың іске қосыла алмай қалуы немесе жұмыс тұрақсыздығы сияқты тәуекелдіктер орын алуы мүмкін. Мұндай құбылыстар қырықтық үрдісінің үзілуіне немесе жалпы жүйенің тиімділігінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты мақалада әмбебап коллекторлы электр қозғалтқыштарының жұмыс режимдері жан-жақты қарастырылып, олардың өтпелі режимдеріне теориялық, эксперименталдық зерттеулер жүргізілген және математикалық моделі құрастырылып, MATLAB/Simulink бағдарламалық ортасында имитациялық модельдер әзірленіп талданған. Жүйені зерттеу барысында қозғалтқыштардың іске қосылу ерекшеліктері, жүктеме өзгерістеріне реакциясы, сондай-ақ тұрақты және өтпелі режимдердегі динамикалық сипаттамалары талданды. Зерттеу нәтижесінде қырықтық машиналарын әртүрлі ретпен қосу кезіндегі өтпелі үдерістердің осциллограммалары алынған және олардың сипаттамалары зерттелген. Имитациялық модельдеу нәтижелері эксперименттік деректермен салыстырылып, олардың өзара сәйкестігі тексерілген. Алынған нәтижелер шалғайдағы жылжымалы қырықтық орындарын энергиямен тұрақты қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыруға және әмбебап коллекторлы қозғалтқыштардың тиімді жұмыс режимдерін анықтауға мүмкіндік береді.