Аңдатпа
Сөйлем – коммуникацияның негізгі құралы. Сөйлемнің ерекше түрінің бірі – атаулы сөйлем. Атаулы сөйлем – ойды ықшам, әрі нақты жеткізетін сөйлем түрі. Атаулы сөйлемдер күнделікті сөйлеу барысында жиі қолданылады. Олар жағдайды, кеңістікті, уақытты немесе белгілі бір құбылысты қысқа әрі нақты сипаттауға мүмкіндік береді. Бұл сөйлеу процесін жеңілдетіп, қарым-қатынасты жылдам әрі тиімді етеді. Сондықтан да оның ауызекі сөйлеу тіліндегі қызметін зерттеу қазіргі тіл білімінде маңызды мәселеледің бірі болып отыр. Көркем шығармада ауызекі сөйлеу стилі диалог арқылы берілетіні белгілі. Көркем әдебиеттегі диалог – кейіпкерлердің арасындағы қарым-қатынастың, оқиғаның дамуын және автордың идеялық тұжырымын жеткізудың маңызды құралы. Ол шығарманың көркемдік деңгейін арттырып, оқырманға кейіпкерлердің мінезін, сезімін және дүниетанымын тереңірек түсінуге көмектеседі. Диалог арқылы кейіпкердің мінез-құлқы, ойлау жүйесі, эмоционалдық жағдайы көрінеді. Әр кейіпкердің сөйлеу мәнері оның әлеуметтік жағдайын, мәдени деңгейін, жасы мен өмірлік тәжірбесін сипаттайды. Көркем шығармадағы диалогтардың осындай қасиеттерін танытуда атаулы сөйлемдер қолданылады. Мақалада атаулы сөйлемдердің ауызекі сөйлеу стиліндегі рөлі мен қолданылу ерекшеліктері анықталды, мағыналық реңктері талданып, олардың функционалдық маңызы сипатталды. Олардың экспрессивтілікті, эмоцияны білдіру және ақпаратты қысқа әрі нақты жеткізудегі маңызы қарастырылды. Көркем шығармадан алынған диалогтарға талдау жасалынып, олардың мағыналық реңктері, ауызекі сөйлеу тіліндегі орны сипатталды.