Аңдатпа
Мақалада комикстердің фольклорлық шығармаларды оқыту барысында алатын орны қарастырылып, комикстерді әдеби және фольклорлық туындылардың сюжеті негізінде әзірлеудің маңыздылығы мазмұндалған. Зерттеудің мақсаты, негізгі бағыты мен идеясы – фольклорлық сюжеттер мен кейіпкерлерді комикстерге арқау етіп, балалардың ауыз әдебиетіне деген қызығушылығын қалыптастыру. Визуалданған қаһармандардың жас ұрпақ арасындағы танымалдылығын арттыру арқылы төлтума шығарманы оқуға деген ұмтылысты арттыру. Осы ретте икемделген комикстермен танысу балаларды әдебиет әлеміне ғана емес, шығармашылық әлемге де апаратын баспалдақ екендігі көрсетіледі. Комикстердің танымдық және тәрбиелік тұрғыдан тигізетін әсеріне тоқталумен бірге, олардың педагогикалық және психологиялық мүмкіндіктерін баланың оқу дағдысын қалыптастырудағы тәсіл ретінде пайдалану жолдары да ұсынылған. Мақала авторлары ғылыми-теориялық еңбектерді жүйелеу, салыстыру, талдау әдістерін қолдана келіп, комикстерді балалардың бойындағы тұлғалық қасиеттерді қалыптастырудың бір тетігі ретінде пайдалануды ұсынады. Тәжірибе жүзінде жүргізген зерттеу нәтижелерімен нақты мысалдар арқылы бөліседі. Зерттеу аясында жүргізілген сауалнамалар нәтижелерін талдау негізінде қазақ тіліндегі комикстердің танымалдық деңгейі анықталып, оларды тиімді қолдану жолдары көрсетіледі. Зерттеу нәтижелері бойынша комикстердің құрылымы мен мағынасына талдау жасалып, олардың оқырмандарға тигізер игі әсері айқындалады. Сондай-ақ батырлық жырлар негізінде әзірленген комикстердің балалардың сөздік қорын дамытудағы рөлі көрсетіледі. Комикстер балалардың есте сақтау қабілетін дамытып, қиялын ұштайтын, жаңа білімді жалықтырмай қабылдатуға мүмкіндік беретін жанр деген қорытындыға келеді.