Аңдатпа
Жусан (Artemіsіa) – дәрілік өсімдік ретінде танымал. Қазақстанда оның 81 түрі өседі, оның ішінде 17 түрі сирек кездесетін эндемиктерге жатады. Жусан тек дәрілік қасиеттерімен ғана емес, сонымен қатар құнарлы мал азығы, бояғыш, тағамдық, витаминді және эфир майлы өсімдік ретінде де белгілі. Материалдар мен әдістер: Бұл шолуда жусан тұқымдастарының қасиеттері және олардың антиоксиданттық, қабынуға қарсы және антивирустық әсері қарастырылады. Әдеби дереккөздерді талдау әдісі қолданылды. Нәтижелер: Жусан құрамында таниндер, минералды тұздар, флавоноидтар және эфир майлары бар. Олар ағзаға бактерицидтік, спазмолитикалық, қабынуға қарсы және холеретикалық әсер береді. Зерттеулер көрсеткендей, жусан экстракты COVID-19-дың жанама әсерлерінің бірі болып табылатын тромбозға қарсы тиімді болуы мүмкін. Қорытынды: COVID-19 инфекциясының таралуын шектеудің бір тиімді жолы – жусан және оның тұқымдастарын арнайы концентрацияларда қолдану арқылы инфекцияның даму үрдісін бәсеңдету мүмкіндігін зерттеу. Жусан шөбінің вирусқа қарсы әлеуетін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.