МОҢҒОЛИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ЗАМАНДАҒЫ БАСПАНАЛАРЫ

2025

Толық мәтін Ашық қол жеткізу: Gold Метадеректер (CSL-JSON)
DOI 10.26577/jh2025116108
Деректер сенімділігі 70 орташа
Бұл баға қалай есептеледі

Ол жазбаның өзінің тексерілетін белгілерінен құралады: мақаланың DOI-і бар ма, оның деректерін қанша тәуелсіз дереккөз растады, міндетті өрістер толтырылған ба және соңғы растау қаншалықты жаңа. Дереккөздер арасындағы алшақтық пен идентификатордың болмауы бағаны төмендетеді. 80-нен бастап мән жазбаның қосымша тексерусіз жарияланғанын, 60-тан 79-ға дейін — оның сенімділігі төмен күйде жарияланғанын және қолмен тексеру ұсынылатынын білдіреді. Редактор қолмен тексерген жазбаны қайта есептеу 90-нан төмен түсірмейді. Бұл — мақаланың өзіне емес, ол туралы деректерімізге берілген баға.

Аңдатпа

Қазақтардың тұрғын үйінің тарихы тереңде жатыр. Қазақтардың баспанасы туралы ірі еңбектер мен шағын мақалалар да бар. Бірақ Моңғолия қазақтарының қазіргі кездегі баспанасы туралы арнайы зерттеулер жоқ. Мақаланың мақсаты Моңғолиядағы қазақтардың қоныстану жүйесінің ерекшеліктерін, материалдық мәдениетінің маңызды элементтерінің бірі – баспанасының жылжымалы және тұрақты түрлерін этнографиялық экспедициялардың барысында жиналған материалдар негізінде қарастыру болып табылады. Осылайша мақала дәстүрлі баспананың қолданылуы, енгізілген жаңашылдықтар, тұрақты баспаналардың өзгеріске ұшырауы туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді. Авторлар бірнеше экспедициялар барысында жиналған материалдарды осы мақалада негізгі дереккөз ретінде пайдаланады. Көпжылдық зерттеулер мәліметтерін этнографиялық әдебиеттердегі мағлұматтармен салыстыра сараптай отырып, тарихи-салыстырмалы әдісті қолданады және дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысуын қарастырады. Зерттеу нәтижелері Моңғолиядағы қазақ диаспорасының арасында Баян-Өлгий аймағын мекендейтін қазақтар өзінің дәстүрлі материалдық мәдениетін қазіргі уақытқа дейін сақтап келетіндігін аңғартады. Негізгі этникалық массивтен бөлек өзге мәдени ортада мекендесе де аталмыш аймақта шоғырланып өмір сүру, сондай-ақ жартылай көшпелі мал шаруашылығын жүргізу, елдегі халха-моңғол, урианхай және өзге түрік тектес ұлт өкілдерінің тұрмыс салтындағы ұқсастық, үкімет тарапынан қысым көрмеу және елдегі туризмнің дамуы дәстүрлі материалдық мәдениеттің сақталуына ықпал етеді.