Аңдатпа
Мақалада Гирт Хофстеденің мәдени айырмашылықтарды талдауға және түсінуге бағытталған алты мәдени өлшемі қарастырылады. Бұл теория мәдениетаралық қарым-қатынастың табыстылығын қамтамасыз ететін іргелі концептуалды негіз ретінде және шет тілін меңгеру үдерісінде қолданылуы мүмкін әдіснамалық құрал ретінде ұсынылады. Зерттеу барысында Г. Хофстеденің мәдени өлшемдерін практикалық сабақтарда қолдану, студенттерге арналған оқу тапсырмаларын әзірлеу және олардың нәтижелерін бағалау әдістері қолданылды. Оқыту барысында студенттердің мәдени өлшемдер туралы теориялық білімдерін практикалық жағдайларда іске асыруға бағытталған топтық пікірталастар, рөлдік ойындар және кейс-стади сияқты интерактивті әдістер пайдаланылды. Нәтижелер көрсеткендей, Г. Хофстеденің мәдени өлшемдері бойынша жүргізілген жұмыс қатысушылардың мәдени айырмашылықтар туралы танымын елеулі түрде кеңейтіп, олардың мәдениетаралық коммуникация дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Студенттер өзге елдердің мәдени ерекшеліктері туралы хабардарлықтың артуын және әртүрлі мәдени өкілдермен өзара іс-қимылда бейімділік деңгейінің жоғарылауын атап өтті.