Аңдатпа
Мақалада жеткіншектердің тұлғалық қалыптасуына әлеуметтік желілердің әсері талданады. Әлеуметтік желілер, әсіресе жеткіншектер арасында кеңінен таралғандықтан, олардың тұлғалық даму үдерісіне тікелей әсер етеді. Жеткіншектік жас кезеңінде адам өз-өзін тану, әлеуметтік рөлдерді игеру, қарым-қатынас орнату дағдыларын қалыптастырады. Осы кезеңде әлеуметтік желілердің ықпалы айтарлықтай жоғары. Олар жеткіншектердің құндылықтарын, көзқарастарын, мінез-құлықтарын қалыптастыруға, сондай-ақ олардың психологиялық және эмоционалдық жағдайына әсер етеді. Бұл жұмыста әлеуметтік желілердің жеткіншектер тұлғасының қалыптасуындағы оң және теріс жақтары талданып, олардың өмірге және қоғамға деген көзқарасына әсер ету аспектілері қарастырылады. Сондай-ақ, теориялық-әдіснамалық зерттеулердің негізінде тәжірибелік-эксперимент жұмысы ұйымдастырылды, ол 3 кезеңнен тұрады: анықтау, қалыптастыру және қорытындылау. Анықтау экспериментіне Тараз қаласы, Ы. Алтынсарин атындағы №23 мектеп-гимназиясының 7-8 сыныптар оқушылары (24 оқушы) қатысты. Эксперимент тобында 12 оқушы, бақылау тобында 12 оқушы. Экспериментке дейінгі және эксперименттен кейінгі мәліметтерді алу үшін Розенбергтің өзін-өзі бағалау сауалнамасы мен Спилбергер-Ханиннің мазасыздық шкаласы қолданылып, алынған нәтижелер оң динамикасын көрсетті.