Аңдатпа
Мақалада Дулат Исабеков шығармашылығындағы әлеуметтік мәселелер жан-жақты қарастырылады. Оның шығармаларындағы негізгі тақырыптар қазақ қоғамының әртүрлі топтарындағы проблемалар, әлеуметтік теңсіздік, ұлттық бірегейлік, тұлғаның қоғамдағы орны мен рөлі болып табылады. Автор өзінің кейіпкерлері арқылы қоғамдағы әділетсіздікті және адамдар арасындағы қарым-қатынастың күрделілігін шебер көрсетіп, оқырманды ойландырады. Біз Исабековтың шығармаларын талдаймыз және олардың әлеуметтік мәселелерді көтерудегі рөлін, әдебиеттегі қызметін және қазіргі қоғамдағы маңыздылығын қарастырамыз. Романды заманауи зерттеудің маңызды міндеттерінің бірі-роман жанрының ерекшеліктерін тереңірек түсіну және бүгінгі романға тән негізгі сипаттамалардың шығу тегін анықтау. Бұл процесс қазіргі романдардың жанрлық құрылымы мен түрлерін ғана емес, сонымен қатар олардың өзгеруін, жаңаруын және даму жолында қайта жандануын тарихи және шығармашылық тұрғыдан қарастыруды талап етеді.