Аңдатпа
Мақалада сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша жауап алудың тактикасы мен әдістемесі талданды. Зерттеудің мақсаты сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша жауап алуды жүзеге асыруда кездесетін ерекшеліктерге сәйкес арнайы тергеу тактикасын қолданудың тәжірибесін талдап, әдістемелік ұсыныстар беру болып табылады. Осыған сәйкес мақалада сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша тіркелген қылмыстық істердің статистикасын, Президент жолдаулары мен мемлекеттік бағдарламалар талданып өзектілігі негізделді. Сонымен қатар, осы уақытқа дейінгі жүргізілген зерттеулердің нәтижелеріне контентттік талдау жүргізе отырып, сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша жәбірленуші, куә, күдікті мен айыпталушыдан жауап алудың тәжірибесін қарап, қорытындылар мен ұсыныстар әзірленді. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша жауап алудың практикасы мейлінше аз зерттелгендігі дәлелденді; сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша жауап алудың типтік жағдаяттары қалыптастырылып олардың әрқайсысына сәйкес жауап алынатын тұлғаларға қатысты қолданылатын тактикалық амалдар мен тәсілдердің нақты әдістемесін берудің маңызы көрсетілді; сондай-ақ жауап алуды алдын ала жоспарлаудың қажеттілігі айқындалды. Зерттеу жүргізуде талдаудың құқықтық талдау, контенттік талдау, салыстырмалы-құқықтық талдау сияқты түрлерімен қатар, әлеуметтану әдістері де қолданылды. Келіп жеткен қорытындыларды сыбайлас жемқорлық қылмыстарын алдын ала тергеуге құзіретті органдардың қызметінде пайдалану аса маңызды.