Аңдатпа
Бұл мақалада әулие ұғымының қазақ даласына келуі мен жаңа түсініктің жергілікті халықтың болмысына ықпалы қарастырылады. Ұзақ уақыт бойы көшпелі түркілер дүниетанымына сіңген ислам қағидаларының саяси әрекеттер негізінде санадан өшірілуінің көрінісі ретінде бүгінгі қоғам өкілдерінің әулиелер жөніндегі танымы мен түсінігінің төмендеуінің себептері зерделенеді. Сонымен қатар, тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта жоғалтқан білімді қайта қалпына келтіру мақсатында жүзеге асырылып жатқан әрекеттер назарға алынады. Атап айтқанда, Құран Кәрімді аудару жұмыстары нәтижесінде туындаған мәтіндік айырмашылықтардың жаңа діни бағыттар мен ұстанымдардың туындауына септік болу ықтималдылығы сараланады. Мақалада Түркістан өңірінің әулиелеріне қатысты материалдар талданып, жинақталған мәліметтерге шолу жасалады. Әулиелердің арасындағы сабақтастықты зерттей келе, олардың ғұмыр кешкен және қызмет атқарған мекендерінің киелі жерлерге айналуының себептері зерделенеді. Олардың арасындағы рухани сабақтастық шежірелік деректер негізінде зерттеледі. Зерттеу барысында алынған мәліметтерге сүйене отырып, әулиелердің алғашқы топтары қожалар – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың ұрпақтары болғандығы, кейінірек жергілікті тұрғындар арасынанда әулиелер шыққандығы белгілі болды. Зерттеу барысында жинақталған деректерді негізге ала отырып, әулиелік қасиеттің қожалар тұқымынан жергілікті халық тумаларына сабақтасуының себептері жөнінде ғылыми болжам жасалады.