Аңдатпа
Бұл мақалада қашықтықтан оқыту жағдайында оқушылардың белсенділігі мен оқуға бейімділігіне әсер ететін факторлар қарастырылады. Талдау барысында пандемия кезінде қашықтықтан оқыған 35950 оқушының қатысуымен жүргізілген онлайн-зерттеудің нәтижелеріне көпдискриминантты талдау, логистикалық регрессия және шешім ағаштары әдістері қолданылған. IBM SPSS Statistics 23 нұсқасы бағдарламалық жасақтамасының көмегімен оқу белсенділігіне әсер ететін негізгі факторларды анықтау үшін статистикалық модельдер жасалынған. Бұл зерттеудің мақсаты - машиналық оқыту әдісін қолдана отырып, сауалнама сұрақтарына жауаптарды талдауға негізделген оқушылардың белсенділігі мен оқуға бейімділігін болжау болып табылады. Жұмыстың негізгі нәтижелері қарастырылған болжау әдістерінің әрқайсысы таңдаған сұрақтарды және дұрыс жіктелген жағдайлардың пайызын көрсететін жиынтық кестені құруды қамтиды. Нәтижелер логистикалық регрессия, көпдискриминантты талдау және шешім ағаштары қашықтықтан оқыту процесін оңтайландыруға ықпал ететін оқу белсенділігінің әртүрлі аспектілерін тиімді түрде анықтайтынын көрсетеді.