Аңдатпа
Кертолғау күйінің дәстүрлі принциптерін сипаттау және оларды даралау жолдарын айқындау арқылы күйшінің жеке даралық стилін талдау мәселелері өзекті болып табылады. Сүгір Әлиұлының орындаушылық стилінің халық күйшілерімен салыстырғандағы ерекшелігін түсіну үшін «Кертолғау» күйі өзінің пішіні, құрылымы жағынан, сондай-ақ тақырыптық және ладтық-интонациялық, яғни музыкалық-стильдік деңгейінде саралай отырып зерттелді. Сүгірдің шертпе дәстүріндегі «Кертолғау» күйін зерттеу, дәстүрлі өнердің өміршеңдігін барынша сақтау өзектілігімен байланыстырылады. Оңтүстік Қазақстанның домбыра өнері аспаптық мәдениеттің классикалық мұрасы болумен қатар, бүгінгі күндері домбырашылардың сұранысына ие болған аймақ. Сүгірдің шертпе дәстүрлі орындаушылық мәнерін «Кертолғау» күйінің негізінде болмысын талдау мақаланың басты мақсаты болмақ. Мақалада органологияда Игорь Мациевский тұжырымдаған халық аспаптық дәстүрлі музыкасын зерттеудің жүйелі-этнофондық әдісі ең перспективалы әдіс ретінде қолданылды. Жүйелі-этнофондық әдіс дәстүрлі аспаптық өнердің барлық компоненттерін синхронды және өзара байланыста зерттеуді көздейді: аспаптандыру, орындаушылық және музыка, сондай-ақ музыканың халық теориясы мен эстетикасының деректерін белсенді түрде сараптау. Күйшінің стильдік ерекшелігін барынша адекватты түрде көрсету мақсатында халықтық музыкалық терминдер мен ұғымдарды пайдаланып, музыкалық форма туралы халықтық түсініктер негізінде ашуға тырыстық.Ізденістер барысында, күй өнеріндегі басқа да теориялық сұрақтардың басын ашуға, атап айтқанда, домбыра өнеріндегі жанр және стиль мәселелері мен олардың типологиялық салыстырмалы жүйесі мәселелеріне тоқталдық. Күйші, домбырашы Сүгір Әлиұлының «Кертолғау» күйін талдауда музыкалық-стильдік тұрғыда толыққанды зерттеп, жүйелеу үшін қосымша келесі әдіс-тәсілдер пайдаланылды. Тарихи-философиялық таным методологиясына негізделген компаративті тәсіл маңызды деп санаймыз, өйткені Сүгір ізбасарларының орындау шеберлігі, Сүгір күйлерін насихаттауы уақыт пен кеңістіктегі ерекшеліктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, кейбір музыка теориясының, музыкадағы параллель ұқсас, объективті-аналитикалық талдау, кешенді тәсілдер басшылыққа алынды, олардың Сүгір шығармашылығының ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік берері анық.